Media Image

12 мамыр 2025

Музыка пәнін оқыту әдістемесі бойынша Республикалық пәндік олимпиаданың ашылуы өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Музыка мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының «Музыка пәнін оқыту әдістемесі» бойынша XVII Республикалық Студенттік пәндік олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.
Ашылу салтанатында ««Музыка пәнін оқыту әдістемесі» бойынша XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиаданың Атырау университетінде өтуі - үлкен жауапкершілік, әрі мақтаныш. Аталған олимпиадаға еліміздің әр өңірінен келген командаларға алғысымызды білдіреміз. Өнер мамандықтары - халқымыз үшін ерекше маңызды мамандықтар деп ойлаймын. Себебі қазақ өнері арқылы біз болмысымызды танимыз. Өнер мамандықтарына шынайы таланты бар жастар түседі, олар да әрі қарай өнерлі ұрпақты тәрбиелеп шығарады. Осындай ұрпақтар сабақтастығынан тұратын шығармашыл жастарға олимпиадада сәттілік тілейміз!»,- деді Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов.
Олимпиадаға Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз университеті, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Ж.Тәшенов атындағы университет, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті және басқа да жоғары оқу орындарының студенттері қатысады.
Қазылар алқасының құрамында:

​•​Тамара Суинғарина (төрайым) – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті, ардагер ұстаз;

​•​Лаура Какимова – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, п.ғ.к.;

​•​Мұхадас Ғабдиев – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры;

​•​Бақыт Тұрмағамбетова - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, өнертану кандидаты.
Шарада олимпиаданың бірінші кезеңінің реттік санын анықтау үшін асық арқылы жеребе тасталды. Жеребе ойыннан кейін әр командаға өз асығы естелік ретінде табысталды. Салтанатты рәсімнен кейін олимпиаданың 1-ші кезеңі басталды.
Барлық қатысушыларға олимпиадаға сәттілік тілейміз!