
9 мамыр 2025
Machine Learning инженері Оралхан Ғұмар атындағы стипендия табысталды!
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде ІТ саласындағы үздік студенттерге Machine Learning инженері Оралхан Әсетұлы Ғұмар атындағы стипендия табысталды.
Жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар қауымы мен студенттер және Оралхан Ғұмардың анасы Айгүл Қалиярбекқызы арнайы қатысты.
Оралхан Әсетұлы - Machine Learning инженері, Қазақ-британ техникалық университетінің белсенді түлегі, 3 курста шетелдік жобаға қатысып, Шотландия еліне шақырту алған ІТ саласының үздігі. Математика, менталды арифметика, физика бағытындағы олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алған. Ол қазақ тілін цифрландыру, яғни қазақша сөйлеуді, қазақ-орыс аралас сөйлеуді тану жүйесін, сөйлеу синтезін (қазақ, орыс тілдері) жасаумен шұғылданды. Әріптестерімен бірге 10 000 сағаттық аудиоға құрылған қазақ тілін транскрипциялауға арналған нейрондық желіні әзірлеп шығарған жас өнертапқыш еді.
«Оралхан бауырымызды арнайы еске алып, ІТ мамандығының студенттеріне Оралхан Ғұмар атындағы шәкіртақы 2024 жылдан бастап тағайындалып келе жатыр. Бұл – біздің студенттер үшін үлкен қолдау, әрі зор мүмкіндік. Анасы Айгүл Қалиярбекқызы атаулы шәкіртақыны жастарымыз Оралханның армандарын бойына сіңіріп, ізін жалғап, елімізге септігін тигізер істердің бастамашысы болады деген үлкен сеніммен табыстап отыр. Сізге осы мүмкіндік үшін университет атынан зор алғысымызды білдіреміз!»,- деді университет ректоры Саламат Идрисов алғы сөзінде.
Шарада қатысушылар Оралхан Әсетұлының өмір жолына қатысты бейнеролик тамашалап, жас зерттеушінің анасы Айгүл Қалиярбекқызы студенттерге жүрекжарды тілегін жеткізіп, ІТ саласында үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі орындар иеленіп жүрген таңдаулы студенттерге стипендия табыстады.
Стипендия иегерлері:
• Жүйелер мен желілерді әкімшілендіру білім бағдарламасының 3-курс студенті Нұрсәт Өтеген - 200 000 тг;
• Дизайндағы қолданбалы информатика білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Нұрсұлтан Берік - 200 000 тг;
• Бизнес аналитика және ІТ жобаларды басқару білім бағдарламасының 2-курс студенті Бектас Жақсылық - 100 000 тг.
Шара соңында стипендия иегерлері алғыстарын жеткізіп, қатысушылар естелік суретке түсті.