Media Image

5 мамыр 2025

Атырауда «Табиғатты аяла» республикалық форумы өтті

Атырау қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында мектеп оқушыларына арналған «Табиғатты аяла» республикалық форумы ұйымдастырылды. Форумның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялауға тәрбиелеу және шығармашылық әлеуетін дамыту.
Форумға Атырау қаласы мен облыс аудандарынан іріктелген 38 оқушы қатысты. Қатысушылар төрт негізгі бағыт бойынша өз жобаларын ұсынды:
    •    «Жасыл клуб» – мектептегі экологиялық бастамаларды дамытуға бағытталған жұмыстар;
    •    «Жасыл сахна» – экологиялық тақырыптағы театрландырылған көріністер;
    •    «Экоблогер» – экологиялық мәселелерді әлеуметтік желі арқылы насихаттауға арналған жобалар;
    •    «Үздік эко-дизайн» – қайта өңделген материалдардан жасалған шығармашылық жұмыстар.

Аталған форумға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің жанынан құрылған «Экоәлем» экологиялық клубының мүшелері арнайы шақырылып, қазылар алқасының құрамында белсенді қызмет атқарды. Клуб мүшелері экологиялық жобаларды бағалауға қатысып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Форум қорытындысы бойынша әр номинацияда үздік танылған қатысушылар мамыр айының соңында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Сонымен бірге, оқушылардың шығармашылық дамуына жол көрсетіп жүрген жетекші мұғалімдер алғыс хаттармен марапатталды.
Осындай игі бастамалар жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, қоршаған ортаны қорғауға белсенді араласуына үлкен серпін беретіні сөзсіз.