
5 мамыр 2025
Атырау университетінде Гейдар Алиевтің Халықаралық шәкіртақысы табысталды!
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Әзербайжанның ұлт көшбасшысы, мемлекет қайраткері Гейдар Алиевтің Халықаралық шәкіртақысын табыстау салтанаты өтті.
Салтанатты шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, сондай-ақ Әзірбайжан Республикасының Бас консулдығының басшысы Сулейманлы Айхан Фирудиноглы мен консул Джафаров Мубариз Османоглы, Атырау «Новруз» Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігіннің төрағасы Эльдар Ахмедов арнайы қатысты.
13 жыл бойы үздіксіз тағайындалып келе жатқан бұл шәкіртақы – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы білім және мәдени ынтымақтастықтың нақты көрінісі. Шәкіртақы студенттерге тек материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың халықаралық деңгейде мойындалуына жол ашады.
Шара барысында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов пен Бас консул Айхан Сулейманлы құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы достық байланыстар мен академиялық серіктестіктің маңызына тоқталды. «Әзербайжан халқының Ұлт көшбасшысы тұңғыш Президенті Гейдар Алиевтің туған күніне орай тағайындалатын бұл стипендия бүгінгі таңда бауырлас әзербайжан және қазақ халқының достығың бір символына айналы десек те болады. Бұл шәкіртақы соңғы 10 жылдан астам Атырау университетінің оқуда озат білім алушыларына, белсенді студенттеріне дәстүрлі түрде табысталып келеді. Бүгінге дейін 60-тан астам студент осы марапатқа ие болды. Бұл – екі бауырлас елдің достығы мен білім, мәдениет саласындағы байланысының айқын айғағы», - деді ректор Саламат Идрисов.
Сонымен қатар жиналғандар Гейдар Алиевтің өмірі мен қызмет жолына арналған бейнеролик тамашалап, оның түркі дүниесі мен халықаралық аренадағы тарихи рөлі жайында мағлұмат алды.
Осы салтанатты жиында университеттің бес үздік студентіне Гейдар Алиевтің Халықаралық шәкіртақысы табысталды. Олар:
• Мукашева Диана – Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті;
• Казалиев Арсен – Жаратылыстану ғылымдары факультеті;
• Сабидуллина Айзада – Экономика және құқық факультеті;
• Айбусынова Айгерим – Көптілді білім беру факультеті;
• Данияр Томирис – Инновациялық білім беру факультеті.
Шәкіртақы иегерлері атынан Айбусынова Айгерим сөз сөйлеп, қолдау көрсеткені үшін Әзербайжан консулдығына және университет ұжымына алғыс білдірді.
Сонымен қатар шарада Атырау университеті атынан Айхан Сулейманлыға Алғыс хат табысталып, Қазақстан Халқы Ассамблясының мүшесі, Атырау «Новруз» Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігіннің төрағасы Эльдар Ахмедовке Ғылыми кеңестің шешімімен Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.
Шара соңында қатысушылар ашық пікір алмасып, естелік фотосуретке түсті.