
5 мамыр 2025
Атырау университеті арнайы ұйымдармен инклюзия бағытында ынтымақтастық орнатты
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен «Инклюзия Болашақ Атырау» Қоғамдық Бірлестігі, сондай-ақ «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл келісім – тараптар арасындағы бұған дейін қалыптасқан байланыстарды нығайту және инклюзивті білім беру саласын одан әрі тереңдету бағытында жасалған маңызды қадам.
Меморандум инклюзия бағыты бойынша кәсіби мамандар даярлау, студенттердің оқу және өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және тәжірибе алмасу арқылы саланың сапалы дамуына ықпал етуді көздейді.
Меморандумға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ректоры Саламат Идрисов, ал серіктес ұйымдар тарапынан «Инклюзия Болашақ Атырау» ҚБ және «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығының төрағасы Әнуар Бегісбаев қол қойды.
Тараптар инклюзияны дамытуда білім мен тәжірибені ұштастырып, қоғамда ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәдениетін қалыптастыруға бірлесе үлес қоспақ.