
2 мамыр 2025
Enactus Kazakhstan: Атырау университеті командасы үздіктер қатарында
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің командасы 29–30 сәуір күндері Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Enactus Kazakhstan National Expo 2025 аясында 26 жоғары оқу орны арасынан үздік 12 команданың қатарына еніп, жартылай финалда өз жобасын жоғары деңгейде таныстырды.
Enactus Kazakhstan — еліміздегі жастар кәсіпкерлігі, тұрақты даму және әлеуметтік бастамаларды қолдайтын ең ірі платформа. Биыл жобаға 20 өңірден 230-дан астам өтінім түсіп, 189 команда ұлттық кезеңге өтті.
Ашылу салтанатына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы және Enactus Kazakhstan Директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов, сондай-ақ Enactus Kazakhstan президенті Альбина Ержанова қатысты. Спикерлер жастардың кәсіпкерлік әлеуетін ашудың маңыздылығын атап өтті.
Атырау университеті командасы Enactus Kazakhstan аясында “PhytoLeather” экологиялық жобасын таныстырды.
PhytoLeather — тағам және өсімдік қалдықтарынан жасалған биологиялық ыдырайтын алғашқы қазақстандық былғары. Жоба қалдықтарды ресурсқа айналдыру арқылы CO₂ шығарындыларын азайтуға, экологиялық өндірісті дамытуға бағытталған.
Жобаның маңыздылығы мен жаңашылдығы ескеріліп және команда кәсібилігі, идеяның өзектілігі мен таныстырылым сапасының жоғарылығы нәтижесінде университет командасы Enactus Кубогымен және сертификатпен марапатталды.