Media Image

1 мамыр 2025

«Жемқорлықсыз қоғам» зияткерлік ойыны өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Заң мен тәртіп» айлығы аясында және Конституцияның 30 жылдығына орай 1-курс студенттері арасында «Жемқорлықсыз қоғам» тақырыбында жалпыуниверситеттік зияткерлік ойын өтті.
Экономика және құқық факультетінің ұйымдастыруымен өткен зияткерлік ойынның мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдыққа тәрбиелеу, логикалық ойлау қабілетін дамыту және алған білімдерін тәжірибеде қолдануға ықпал ету.
«Атырау университетінде «құқық негіздері және жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» пәні барлық мамандықтың білім алушыларына оқытылады. Себебі әр азаматтың өзінің заңды құқықтары мен жемқорлық туралы түсінігі, сонымен қатар, жемқорлықтың алдын алу, болған жағдайда қандай жаза тағайындалатыны туралы білімі болуы қажет. Бүгінгі зияткерлік ойынымыз сәтті өтсін!»,- деді экономика және құқық факультетінің тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары Айгүл Масалимова.
Атырау университетінің 6 факультетінің командалары қатысқан зияткерлік ойын 5 кезеңнен тұрды:

1. «Ойлы болсаң, озып көр!» – логикалық сұрақтар мен білім сайысы;

2. «Терминдер сөйлейді!» – құқықтық терминдерді анықтау;

3. «Ұшқыр ой» – сыбайлас жемқорлық тақырыбында бейнеролик ұсыну;

4. «Ойлан тап!» – суреттер негізінде сыбайлас жемқорлықты болжау;

5. «Суреттер сөйлейді» – «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында плакат салу.

Зияткерлік ойында Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің криминалистикалық бөлімінің басшысы Ахмет Уахитов және экономика және құқық факультетінің декан орынбасары Айгүл Масалимова төрелік етті. Әр кезең бойынша қатысушыларға ұпай беріліп, шара соңында жеңімпаздарға І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ «үздік бейнеролик» номинациясы бойынша арнайы марапат табысталды.
Жеңімпаздар:
1-орын: «Алаш» тобы - Тарих және қоғамтану мамандығының студенттері;
2-орын: «Адал ұрпақ» тобы - Спорт және дене тәрбиесі мамандығының 101-2 топ студенттері;
3-орын: «Ұйымшыл» тобы- Спорт және дене тәрбиесі мамандығының 101-1 топ студенттері.
«Үздік бейнеролик» номинациясын жеңіп алған – «Rihgt way» тобы «Көркем білім» мамандығының студенттері.