
1 мамыр 2025
«Елін қорғау – ерге серт»
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Ұлы жеңіс: ерлікке тағзым – жастарға үлгі» ұранымен «Елін қорғау – ерге серт» атауымен салтанатты шара өтті.
Жас ұрпаққа патриоттық рух беріп, ерлікке тағзым ете отырып, ел қорғаудың маңызын ұғындыру мақсатында ұйымдастырылған шараға университет басшылығы, Қарулы Күштер ардагерлері, әскери кафедра қызметкерлері мен студенттері қатысты.
Құттықтау сөзінде «7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шараға қош келдіңіздер! Атырау университетінің әскери кафедрасы – батыс аймағында әскери мамандар дайындап отырған маңызды бөлімдердің бірі. Біз студенттеріміздің кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар елі мен жерін қорғайтын, еліміздің қорғаныс саласында қызмет ететін азамат болып шығуына жағдай жасаудамыз. Әрі қарайда жастарымыз бейбіт аспан астында өмір сүруін тілейміз!», - деді Атырау университетінің Басқарма-төрағасы Саламат Идрисов.
Кеш барысында әскери дайындықтың түрлі элементтері көрсетіліп, жауынгерлік тәсілдер мен қару қолдану үлгілері, сондай-ақ қолма-қол ұрыс және жаппай қырып-жою қаруынан қорғану нормативтері ұсынылды. Сонымен қатар зводтар саптық жүріспен «Мен қазақпын» әнін орындады.
Мереке қарсаңындағы салтанатты шарада университет басшылығы әскери кафедра оқытушы-офицерлері мен Қарулы Күштер ардагерлерін Алғыс хаттармен марапаттады. Шара соңында ҚР Мемлекеттік Туы салтанатты түрде шығарылып, қатысушылар естелік суретке түсті.