
20 маусым 2025
«Ұстаз» мектебінің оқушысы ҰБТ-да топ жарды
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің дарынды балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-интернатының ҰБТ-да 136 балл жинаған 11-сынып оқушысы Бақдәулет Мажитовты және мектеп директоры Сәнім Қалуованы ректор арнайы қабылдады.
Бақдәулет Мажитов – білімде ғана емес, шығармашылық, зияткерлік сайыстарда да биіктен көрініп жүрген «Ұстаз» мектебінің мақтанышы. Республикалық «Махамбет оқулары» байқауында бас жүлдені иеленіп, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау облысы әкімінің қабылдауында болған. 2024 жылдың қыркүйек айында «Ұстаз» мектебінің 11-сыныбына қабылданған ол, бұған дейін Индер ауданы Елтай ауылындағы Сиранов атындағы орта мектепте 5-сыныптан бастап түрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, аудандық деңгейде жүлделі орындарға ие болған. Жас дарын өзінің алғашқы жетістіктерін сол мектепте білім берген ұстаздарының еңбегімен байланыстыратынын атап өтті.
««Ұстаз» мектебі мені жаңа деңгейге шығарды. Облыстан бірден республикалық байқауларға жол ашылды. Мұндағы ұстаздар мен тәрбиешілерімнің сапалы білімі мен саналы тәрбиесі маған үлкен мотивация берді», - деді Бақдәулет.
Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов жас түлектің жетістігін жоғары бағалап, ҰБТ-дағы екінші мүмкіндігінде 140 балл жинауына тілектестік білдірді.
«Бақдәулет – табандылығының, жүйелі еңбегінің арқасында өз биігін өзі бағындырған оқушы. Ол мектептің күн тәртібін тиімді орындап, уақытты басқаруда, қазіргі тілмен айтқанда тайм-менеджментті жақсы қалыптастырды. Жетістік, ең алдымен, оқушының өзіне, содан соң бағыт беретін ұстаздарға байланысты», - деді мектеп директоры Сәнім Уапқызы.
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті жанындағы «Ұстаз» мектеп-интернаты – ауыл балаларына арналған үздік білім ордасы. Осындай жас жеткіншектердің жетістігі – еліміздің ертеңіне деген сенімді нығайтады.
