Media Image

4 шілде 2025

Инновациялық білім беру факультетінің түлектеріне диплом табысталды

Бүгін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің инновациялық білім беру факультетінде диплом табыстау салтанаты өтті.

1959-1960 жылдары құрылған, педагогикалық, арнайы және әлеуметтік бағыттар бойынша мамандар даярлайтын факультетті биыл 611 түлек бітірді.

Мерекелік рәсімге университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, түлектер мен ата-аналар қатысты. Кеш шымылдығы түлектердің университет өміріндегі жарқын сәттерін және өткен жылғы өңірдегі су тасқынында атқарған жұмыстарын бейнелейтін әсерлі бейнероликтермен ашылды.

«Бүгін 85 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Атырау университетінің тарихымен бірге жасасып келе жатқан орны бөлек инновациялық білім беру факультетінің түлектеріне диплом табыстау рәсіміне жиналып тұрмыз. Ең алдымен, еліміздегі маңызды кадрларды дайындаудағы үлесі жоғары факультетіміздің ұстаздарына алғыс білдіремін. Құрметті түлектер! Қиын да, қызықты төрт жылды артта қалдырып, үлкен өмірге жас маман болып қадам басқалы тұрсыздар. Өмірлеріңіздегі осы қуанышты сәтпен сіздерді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды құттықтаймын. Университетте құрылған түлектер қауымдастығына мүше болып, әрдайым оқу ордаларыңызбен байланыста болатындарыңызға сенімдімін. Сәт-сапар, ақ жол!», - деді ректор Саламат Идрисов құттықтау сөзінде.

Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар – Атырау облыстық мәслихатының депутаты, әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, университет түлегі Нұрлыбек Даралиев, Атырау облысы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Аманат» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Білім және денсаулық аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Baby City» мектеп-балабақшасының директоры Маржангүл Сулимова, Атырау облысы Білім беру басқармасының облыстық арнайы мектеп-интернат директоры Лаззат Төлепова, профессор, ардагер-ұстаз Салима Нұрмұқашева жастарға ыстық лебіздерін білдіріп, диплом табыстау мәртебесіне ие болды.

Салтанатты рәсім барысында белсенді студенттерге ректордың, қала әкімінің, "AMANAT" партиясының, облыстық басқармалардың алғыс хаттары табысталды.

Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық бағыты бойынша Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының м.а., PhD доктор Нұрбол Сыдықов, №3 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асан Раушанов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайрат Досқалиев сынды арнайы қонақтар диплом табыстау рәсіміне қатысып, түлектерге ақ жол тіледі.

Университеттің әскери кафедрасын сәтті тәмамдаған факультеттің 28 түлегіне ҚР Қорғаныс министрлігінің бұйрығы негізінде «запастағы лейтенант» атағы табысталды. Бұл сәт – түлектер үшін қос бірдей қуанышқа айналды.

Барлық түлектерге ақ жол, биік белес, табысты болашақ тілейміз!

file