
3 шілде 2025
Көптілді білім беру факультетінің түлектеріне диплом табысталды
Бүгін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің көптілді білім беру факультетінде диплом табыстау салтанаты өтті.
Мерекелік рәсімге университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, түлектер мен ата-аналар қатысты. Кеш шымылдығы түлектердің университет өміріндегі жарқын сәттерін бейнелейтін бейнеороликпен ашылды.
Университеттің Басқарма Төрағасы - ректор Саламат Идрисов өзінің жүрекжарды құттықтау сөзінде бітірушілерге сәттілік тілеп, олардың болашақта ел дамуына сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді.
Көптілді білім беру факультеті студенттердің білім деңгейін көтеру мақсатында еліміздің, сонымен қатар алыс және жақын шет елдердің жоғары оқу орындарымен ғылыми және оқу-әдістемелік қарым-қатынастар орнатқан. Студенттер шетелдерде халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша іс-сапарда болып, тәжірибе алмасса, қос диплом бағдарламасы арқылы екі ЖОО дипломына қол жеткізуге мүмкіндік алды.
Биыл аталған факультеттің филология білім бағдарламасы бойынша магистрлері Құралай Қуатова және Ләззат Әлімова Атырау университетімен Түркияның Нигде Омер Халисдемир университетінің бірлескен дипломына ие болды.
Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар – Қазақстанның Еңбек Ері, меценат, университеттің Құрметті профессоры Владимир Розметов, сондай-ақ "Наурыз" әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы, университеттің Құрметті профессоры Эльдар Ахмедов, түстен кейінгі рәсімде Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов, №19 мектеп-гимназиясының директоры Ақылбек Мырзағалиев және ардагер-ұстаз Қорлағайын Дүсіпова жастарға ыстық лебіздерін білдіріп, диплом табыстау мәртебесіне ие болды.
Университеттің әскери кафедрасын сәтті тәмамдаған студенттерге ҚР Қорғаныс министрлігінің бұйрығы негізінде «запастағы лейтенант» атағы табысталды. Бұл сәт – түлектер үшін қос бірдей қуанышқа айналды.
Салтанатты рәсім барысында белсенді студенттерге ректордың, қала әкімінің, "AMANAT" партиясының, облыстық басқармалардың алғыс хаттары табысталды.
Түлектер үшін бұл күн – олардың жаңа өмірге жасаған алғашқы қадамы. Барлық түлектерге ақ жол, биік белес, табысты болашақ тілейміз!
