Media Image

18 маусым 2025

Алаш қайраткері Р.Қаржаубаевтың ұрпағымен тағылымды кездесу өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Әбіш Кекілбайұлы атындағы ғылыми-зерттеу орталығында тағылымы терең кездесу өтті. Шара ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, Батыс Алашорда үкіметінің офицері, ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері Рахметолла Қаржаубайұлы Қаржаубаевтың ұрпағы, қызы – Дана Рахметоллақызымен жүздесуге арналды.

Рахметолла Қаржаубайұлы– Атырау облысы, Қызылқоға өңірінің тумасы. Ол 1917 жылдан бастап Алаш қозғалысының белсенді мүшесі ретінде Жанша және Халел Досмұхамедовтермен бірге Батыс Алашорда үкіметінің құрамында қызмет еткен. Әскери офицер ретінде елдің саяси еркіндігі үшін күресіп, кейін Қазақ Халық Ағарту Комиссариатында жауапты қызметтер атқарды.

Кеңестік қуғын-сүргіннің құрбаны болған қайраткер 1934 жылы он жылға сотталып, Коми өлкесінде ауыр айдауда болды. Соған қарамастан, рухани беріктігін жоғалтпай, өз ұлтына, тілі мен мәдениетіне деген сенімін сақтап қалған.

Кездесу барысында Дана Рахметоллақызы әкесі туралы тың деректер мен құнды естеліктерімен бөлісті. «Әкем: “Бір күндері бізді де, біздің жасаған ісімізді де іздейтін ұрпақтар болады” – деп айтып отыратын. Бүгін сол сөздің ақиқатқа айналғанын көріп тұрмын»,- деді Дана Рахметоллақызы.

Кездесуге тарих ғылымының өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер мен Алаш арысының ұрпақтары қатысты.

file