Media Image

17 маусым 2025

Студенттердің оқу-жаттығу тәжірибесі сәтті аяқталды

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің туризм және сервис ББ 1-курс студенттері оқу-жаттығу жорығы практикасын сәтті өткізді.

Туристік жорықты ұйымдастыру негіздерімен танысу, табиғат жағдайында бағдарлау және топпен жұмыс істеу машықтарын меңгеру, өлкетану бағытындағы экскурсиялар өткізу мақсатында ұйымдастырылған практика 2-13 маусым аралығында екі бағытта өтті.

1️⃣бағыт: Атырау – Құрманғазы – Атырау бағыты бойынша студенттер Құрманғазы ауданының тоғайлы аумағында далалық жағдайдағы туристік жорық ұйымдастырып, туристік құрал-саймандарды пайдалану, табиғи кедергілерден өту, жорық кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау, командалық жұмыстар жүргізу дағдыларын шыңдады.

2️⃣ бағыт: Атырау – Орал – Атырау бағыты бойынша студенттер Орал қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі, Старый Уральск музейі, сондай-ақ Балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының жұмысымен танысып, өлкенің тарихи-мәдени құндылықтары, аймақтың туризм әлеуеті туралы мол мағлұмат алды.

Практика барысында студенттер өз бағыттары бойынша маршруттық парақтар, күнделіктер толтырып, тапсырмаларды орындап, қорытынды есептерін сәтті қорғады.

Бұл оқу-жаттығу жорығы студенттерге кәсіби тәжірибе жинақтап, командада жұмыс істеуді, туристік құрал-жабдықтарды қолдануды үйренуге және аймақтың туристік нысандарымен танысуға үлкен мүмкіндік берді.